Ел ертеңін бүгін ойласақ ұтамыз
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студент жастары мен оқу орнының студенттік «Достық» ассамблеясының мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсынысын қолдау акциясын өткізді. Игі бастамаға үн қосқан жиырма бір ұлттың өкілінен құралған университет жастары бас оқу ғимаратының алдына жиналып, студенттік «Достық» би ансамблімен бірге «Достық» биін билеп, ұлтаралық татулық пен бірліктің нышанын көрсетті. Ортақ іске жұмылуға шақырған шараға қатысушы жастар Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын қолдай отыра, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасын халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім деп санайтындықтарын, бұл – тәуелсіз елдің болашағы үшін жасалатын маңызды қадам екенін атап өтті. Университет ректоры, академик Тілектес Есполовтың бастамасымен құрылып, былтыр өзінің 10 жылдығын атап өткен «Достық» студенттік ассамблеясы Алматы қаласындағы орыс, украин, күрд, ұйғыр, корей, чешен, түрік, поляк, белорус, т.б. халықтардың Кіші ассамблеяларымен, этномәдени бірлестіктерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Университетте Қазақстанның жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып Елбасы идеясынан туындаған «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы құрылған. Студенттік «Достық» ассамблеясының жұмысы да осы орталық аясында жүзеге асуға тиіс жаңа талаптарға негізделген. Басты ұстаным – қазақстандықтардың мемлекетшіл, патриот жаңа буынын қалыптастыру, жеке бастың табысқа жету жолдарын үйрету әдістемесін дамыту, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік ұстанымдары, жасампаз қызметі мен болашаққа қызмет ететін идеяларын пайдалану арқылы студенттерді тың бастамаларға қанаттандыру. Бүгінгі таңда бейбітшілік пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, оған қоғам мен мемлекеттің, еліміздің барша азаматтарының күш-жігерін жұмылдырудың маңызы зор. Осыған байланысты, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын қолдай отыра, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жастары мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу бастамасын халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім деп санайды. Бұл – тәуелсіз елдің болашағы үшін жасалатын маңызды қадам. Владислав ЦОЙ, ҚазҰАУ студенті, «Достық» студенттік ассамблеясының мүшесі: – Мен «Достық» студенттік ассамблеясының мүшесімін. Біздің ел дамушы елдердің қатарында. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижелері. Біз Президентімізді қолдаймыз. Сайлау өткізілген жағдайда Елбасына дауыс береміз. Ел болашағы – бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан да егемен еліміздегі тұрақтылық пен татулық біздің келешегіміздің кепілі болмақ. Осындай тарихи шешуші кезеңде барша қазақстандықтар Елбасы ұстанған стратегиялық бағыттарды жұмыла жүзеге асырып, Елбасы төңірегіне топтасуы тиіс деп санаймыз. Тимур ТАМЕНОВ, ҚазҰАУ студенті, «Достық» студенттік ассамблеясының мүшесі: – Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны таралып, тіпті, әлемнің ең дамыған елдерінің өзінде де түрлі толқулар мен діни төзімсіздік өршіп, радикалдық қозғалыстар күш алуға айналды. Елбасы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында атап айтқандай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен ойдағыдай өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президентін сайлауды мерзімінен бұрын өткізу арқылы қазақстандықтарды одан әрі бір мақсат, бір мүддеге тоғыстырып, осының нәтижесінде өзекті әлеуметтік мәселелерді нақты шешуге мүмкіндіктер туатыны сөзсіз. Руслан ВОРОБЬЕВ, ҚазҰАУ студенті, «Достық» студенттік ассамблеясының мүшесі: – Мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студентімін әрі осы оқу орнындағы «Достық» ассамблеясының мүшесімін. Мен өз достарыммен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерзімінен бұрын президенттік сайлауды өткізуге байланысты ұсынысын қолдаймын. Ел жастары қашанда Елбасымен бірге. Президентті сайлау – күрделі саяси оқиға. Біздің болашағымыз көп жағдайда соған байланысты, яғни ол халықтың болашағы. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.Дамудың сенімді кепілі
Біз қазақстандықтардың қазіргі қызмет етіп отырған Мемлекет басшысына сенім артуын ерекше түсіністікпен қабылдаймыз. Бұл Қазақстан халқына «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын, әрбір қазақстандықтың жайлы тұрмысы жолындағы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудың кепілі болып табылады. Бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың еліміздегі экономика көшбасшысы қатарынан табылуы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы нәтижесінде жүзеге асырылды. ҚТЖ өзінің негізгі міндеті жүк және жолаушылар тасымалын тоқтаусыз жүзеге асырумен қатар, жаңа теміржолдарды салу, теміржол инфрақұрылымын дамыту, жылжымалы құрамды жаңғырту арқылы еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға мол үлес қосып келеді. Қазақстанда Ұлттық компанияның арқасында 2014 жылы 200 миллиард теңгенің өнімін шығаратын машина жасау кластері жүзеге асырылды. Бұрын да, жаңа тарихында да теміржол саласы мұндай көпсалалы дамуды басынан өткізбеген болатын. Қазіргі таңдағы әлемдік дағдарыс пен ТМД аумағындағы геосаясаттағы қиындықтарға бір ғана жауап – Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы бастамасын қолдау. Бұл еліміздің болашақтағы тұрақтылық пен жаңғыруының, дамуының сенімді рельске түсуінің кепілі болып табылады. Нығметжан ЕСЕНҒАРИН, экономика ғылымдарының докторы, Кеңес Одағының жол қатынастары министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.Тәуелсіздікті тұғырландыру қадамы
Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде, Қазақстан Республикасының Президентін мерзімінен бұрын сайлау туралы Парламент Мәжілісіндегі депутаттық топтың бастама көтеруіне үндеу жолдағандар қатарында болғанымды мақтан етемін. Бұл әлемдік экономикалық дағдарыс пен күрделі геосаяси жағдай баршамызды алаңдатқан тұстағы бірден-бір дұрыс шешім екендігі анық. Қазақстан және ондағы көпұлтты халықтың Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл бастамалары, көреген саясаты елімізді жедел дамытып қана қоймай, жер-жаһан үлгі ететіндей жағдайға көтерді. Сондықтан, бүгінгі ұйғарымның төркінін дағдарыспен ғана байланыстыруға негіз жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының өз сөзімен айтқанда, еліміз бұдан бұрынғы дағдарыстарды да табысты еңсере білген. Мәселе – Тәуелсіздігімізді тұғырландырып, «Мәңгілік Елдің» төріне озу. Мен Президенттің отыз жылдан астам уақыттан бергі серігі, алғашқы жұрт сенген өкілінің бірі ретінде Нұрекеңнің жан-жүрегі елім деп соғатынын жақсы білемін. Тәуелсіздік – Қазақстан халқының ортақ игілігі, қымбат құндылығы! Осы тұрғыдан алып қарағанда, үнемі шыңдалумен шыныққан ортақ Отанымызды қазіргі сын-қатерлерден ойдағыдай алып шығуы үшін, алдағы үлкен жоспарларымыздың орындалуы үшін, болашағымыздың жарқын болуы үшін еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа сенім мандатын беруіміз қажет. Еліміз өзінің батыл ұстанымы мен стратегиялық мақсаттарынан таймауы керек. Жақсылықтың, үкілі үміттің жетегіндегі халқымыз Елбасын қолдау арқылы, оның жанына топтасу арқылы ертеңгі еңселі күндерге жететініне, үрім-бұтағының бақытты болатынына кәміл сенеді. Ибрагим ЖАНҒОРАЗОВ, «Ижевский» агрофирмасының директоры, Социалистік Еңбек Ері, «Достық» орденінің иегері. Ақмола облысы, Аршалы ауданы.Маңыздысы – тұрақтылық пен өркендеу
Қазақстан халқы Ассамблеясы өте орынды ұсыныс жасап отыр. Өйткені, тәуелсіздік алғалы бері еліміздегі тұрақтылық пен өркенді өзгерістердің бастамашысы болған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен екені баршаға аян. Көп этносты Қазақстан жұртшылығы әркез еліміздегі татулық пен бірліктің берік, отандық экономиканың кең қанат жайып, әлемдегі барша елмен бәсекелес болуын қалайды. Әрине, айтуға оңай болғанмен, мұның бәріне бір мезетте қол жеткізу әсте қиын. Міне, мәселеге осы тұрғыдан үңілгенде, біздегі экономикалық қарқынды даму мен саяси тұрақтылықтың бұдан былайғы уақытта да сақталуының айрықша маңызы бар. Ал еліміздегі тұрақтылық пен өркендеудің бірден-бір кепілі – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Ендеше, біз президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізуді қолдауымыз қажет. Бұл не үшін қажет? Біріншіден, әлем елдері қаржы дағдарысының қыспағында қалып жатқанда Қазақстандай ортақ Отанымыз ТМД мемлекеттері ішінде экономикалық көрсеткіштерімен көшбасшылық деңгейге көтерілді. Халықтың әл-ауқаты жақсарып, жаңа жұмыс орындары молынан ашылып жатыр. Шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау жасалып, салық жүктемелері жөнінде жеңілдіктер жасалды. Мектептер мен ауруханалар жаңарды. Отандық өнім өндіретін зауыттар мен фабрикалар қатары көбейді. Осының бәрі Қазақстанымызды дағдарыстың талайының қыспағында қалдырмай, халқымыздың тұрмысы төмендемеуіне оң серпін беріп отыр. Екіншіден, соңғы кездері өзге елдерді айтпағанның өзінде, ТМД мемлекеттерінің біразында сан алуан қақтығыстар, жанжалдар мен арты дүрдараздыққа ұласқан шерулерге куә болып жүрміз. Мұндай оқиғалар сол елдердегі саяси тұрақсыздықтың, халықтың әлеуметтік тұрмысының төмендігінің әсерінен болатыны даусыз. Шүкір деп айтайық, біздің елімізде саяси тұрақтылыққа, этностар арасындағы бірлік пен татулыққа сына қағылған жоқ. Осындай себептерді ой елегінен өткізіп, алдағы күндеріміздің бұдан да жарқын болуы жолында Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді басқара беруін қамтамасыз етуіміз қажет. Ол үшін, әрине, Қазақстан Республикасының Президентін сайлауды мерзімінен бұрын өткізген жөн. Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ұсынысына шын жүрегіммен қолдау білдіремін. Зураб БОБОХИДЗЕ, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі. Атырау облысы.